2019 жылдың 23-24 сәуір күндері «Ақмола облысы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің, Ақмола облысы білім басқармасының, өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Щучинск қаласында мектеп оқушыларының арасындағы облыстық «Үздік Ұланбасы - 2019» байқауы өтті.
Сайыстың мақсаты өскелең ұрпақты жоғары рухани адамгершілік құндылықтар негізінде қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, жасөспірімдердің шығармашылық, интеллектуалдық деңгейін көтеру және талантты балаларды анықтап, марапаттау арқылы ынталандыру.
23 сәуір күні «Үздік Ұланбасы - 2019» облыстық байқауының қатысушыларын басын біріктіріп таныстыру, тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ:1. Бурабай ауданының табиғатына экскурсия жасалды;2. «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмін көріп, еліміздің қалыптасу тарихын көре отыра балалардың бойларында патриоттық рухты қалыптастыру мақсатында өткізілді.
18 қатысушы таныстыру, 2018-2019 жылдары өткізілген іс - шаралар презентациясы, «Біз жасұландықпыз» афишасы, сұрақ - жауап кезеңдері бойынша бақ сынады.
«Бүгінгі байқау өте қызықты өтуде. Бұл облыс бойынша ең мықты Ұланбасылардың сайысы.Осы байқаудың арқасында мен көптеген достар таптым. Бүгін мен өзімнің, мектебімнің жетістіктерін және Ұланбасылық қасиеттерімді паш етуге келдім. Бұл мен үшін үлкен мәртебе және мақтаныш», - деп Көкшетау қаласы, дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп интернатының Ұланбасысы Сүлейменова Дильназ өз ойымен бөлісті.
Қазылар алқасының мүшелері «Жас Ұлан» ББЖҰ» РҚБ төрайымы Садвакасова Динара, Ақмола облысы «Жас Ұлан» ББЖҰ» ҚБ төрайымы Есекеева Мансия, Бурабай курортының туризмін дамыту жобасының жетекшісі Әділов Руслан, Облытық оқу-әдістемелік орталығының Көпшілік бөлімінің меңгерушісі Шарипова Дина болды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші дара шапқандар жүлделі орындарға ие болды.
Аудандық, қалалық үздік көшбасшылар байқауда өздерінің біліктіліктерін, білімділіктерін, креативтіліктерін көрсете білді.
Әділқазылар алқасының шешімдерімен Ақмола облысының «Үздік Ұланбасы - 2019» атағын Көкшетау қаласы, дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп интернатының Ұланбасысы Сулейменова Дильназ иеленді. 1 дәрежелі дипломмен Атбасар ауданының Ұланбасысы Карибаева Даяна, 2 дәрежелі дипломмен Зеренді ауданының Ұланбасысы Боранбай Аягүл, 3 дәрежелі дипломмен Астрахан ауданының Ұланбасысы Момышева Дильназ марапатталды.
Ерекше көзге түскен қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды.Жеңімпаздарға диплом, кубок және бағалы сыйлықтар табысталды.
Бұл байқаудан ешкім құр қол қайтпады. Белсенді қатысқандары үшін барлық оқушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар берілді.